Индира ЕЛУБАЕВА, ақын-сазгер, әнші: “ІНІЛЕРІМЕ “УАҚЫТТАРЫҢДЫ АГЕНТКЕ АРНАҒАНША, НАМАЗ ҮЙРЕНІҢДЕР” ДЕП ҰРЫСАМЫН” - 14 Марта 2011 - АЛТЫ АЛАШ
Мой сайт
Бейсенбі, 24.04.2014, 20:38
Приветствую Вас Гость | RSS
 
Главная РегистрацияВход
Сайт мәзірі
Бөлім категориясы
Саясат [110]
Саяси оқиғалар
Билік және бұқара [160]
Елдегі оқиғалар
Спорт3 [79]
Әртүрлі [353]
Іздеу
Күнтізбе
«  Наурыз 2011  »
ДССССРБСЖМСБЖК
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031
Главная » 2011 » Наурыз » 14 » Индира ЕЛУБАЕВА, ақын-сазгер, әнші: “ІНІЛЕРІМЕ “УАҚЫТТАРЫҢДЫ АГЕНТКЕ АРНАҒАНША, НАМАЗ ҮЙРЕНІҢДЕР” ДЕП ҰРЫСАМЫН”
12:21
Индира ЕЛУБАЕВА, ақын-сазгер, әнші: “ІНІЛЕРІМЕ “УАҚЫТТАРЫҢДЫ АГЕНТКЕ АРНАҒАНША, НАМАЗ ҮЙРЕНІҢДЕР” ДЕП ҰРЫСАМЫН”

Киелі сахна төрінде керемет әндерімен халықтың жүрегін елжіретіп, көңілдеріне күн нұрын себетін әншілерді жақсы танимыз. Алайда, халықтың көңілінен шығып жатқан сондай әндердің сөзін жазып, әуенін шығарып жатқан ақын-сазгерлердің бірін танысақ, бірін танымайтынымыз тағы бар. Өнер жолында өшпестей ізін қалдырған марқұм Нәби Аймұратовтың орындауындағы «Мүмкін емес» әні және де жас әнші Ғаділбек Жанайдың орындауындағы «Күрсінбе» әні халықтың көңілінен, әсіресе жастардың жүрегінен орын алған, бірақ, осындай керемет дүниелерді өмірге әкелген ақын-сазгерді біріңіз білсеңіз, енді біріңіз мүлдем көрмеген де боларсыздар. Біз бүгінгі сұхбаттың қонағы жоғарыдағы әндердің авторы, көптеген жаңа әндерді өмірге әкелген ақын-сазгер әрі әнші қыздарыңыз Индира болмақ.


"МҮМКІН ЕМЕС" ӘНІ КӨП МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШТЫ
— Индира, сіздің көптеген әндеріңізді талантты әншілеріміз орындап жүр. Осы орайда, әсем әнді тыңдаған тыңдармандардың көпшілігі: «Осындай керемет әнді қандай ақын жазды екен?» деп іздейді. Сіздің шығарған дүниелеріңізді халық танығанымен, өзіңізді танымайды. Осы сәтте біз бүгін сізбен сұхбаттасып, әңгімелессек деген едік.

— Рахмет.
— Алғашқы сұрақты таныстықтан бастасақ...
— Өзім Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мырзай ақын деген ауылда 1977 жылы туылып, сонда өстім. Одан соң Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» мемлекеттік университетінің музыка факультетін бітіріп шықтым. Ал қазіргі уақытта Қызылорда облыстық мемлекеттік филармониясында әнші болып жұмыс атқарамын. Одан қала берсе, шығармашылық бағытта да қосымша еңбектеніп жүрген жайым бар. Жалпы айтқанда, ән және әндерге сөз жазамын.
— Көптеген әнді дүниеге әкеліпсіз. Осы уақыт аралығында концерт берген шығарсыз?
— Осы уақытқа дейін жасаған дүниелерімнің басын қосып, былтыр қыркүйек айында Қызылорда қаласында «Ғашық жүрек» деп аталатын концертімді бергенмін. Алматы қаласынан он шақты әншілер келді. Шымкент қаласының да әншілері келіп қатысты. Концертіме келген әншілердің әр қайсысы менің екі әндерімді орындап шықты.  Жалпы, концертіме халық жақсы баға берді деп айта аламын. Өйткені, барлық нәрсеге бағасын беретін осы халқымыз. Бір жағынан бұл концертім өнер жолындағы тұсау кесер не болмаса елдің батасын алу сияқты қадамым. Бірақ, бұл жерде барлық жұмысымды көрсеттім деп айта алмаймын. Аз да болса жасаған жұмысымды халыққа көрсетейінші деген оймен халыққа әндерімді ұсындым.
Бүгін Шымкент қаласына осы шығармашылығыма байланысты келіп отырмын. Алла қаласа екі альбомым жарық көрейін деп жатыр. Сол жұмыстармен жүрген жайым бар.
— Осы тұста әніңізді өзіңіздің көңіліңізден шығатындай етіп орындап жүрген әншілерді атап айтып берсеңіз...
— Менің әнімді халықтың жүрегіне жеткізіп кеткен әншінің бірі марқұм бауырымыз, жас талантты әнші болған Нәби Аймұратов еді. Ол менің «Мүмкін емес» деген әнімді орындады. Сосын Ғаділбек Жанай «Күрсінбе» деген әнді халықтың жүрегіне ұялатып, жарыққа шығарды деп айта аламын. Еркін Нұржанов «Жүрегім сені сүйді» әнімді концертімде айтып шықты. Мадина Садуақасова «Таңғы түс» деп аталатын әнімді орындап жүр. Және де Ақбота Керімбекова, Бақтияр Тайлақбаев, Алмас Кішкенбаев, Заттыбек Көпбосынұлы, Хадиша Сейітова, Сәкен Майғазиев, содан соң өзіміздің облыста тұратын Гүлзира Айханова деген әнші қызымыз бар, барлығы да әндерімді нақышына келтіре орындауда.
— Индира, көбіне әнді жазған ақын-сазгерлердің аты-жөні аталғанымен, көпшілік тыңдарман әнді орындаған әншіні ғана танып, осындай кереметтей әндерді дүниеге әкеліп жүрген ақын-сазгерлеріміз тасада қалып кетіп жатады. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?
— Иә, дұрыс айтасыз. Мен бұрын ән емес, тек сөзін жазып жүрген кезімде осы сұрақты ойланатын едім. Бірақ, менің бір түсінгенім, егер де жақсы ән шықса, ол сазгердің де бағын ашатын сияқты. Мәселен, Нәби Аймұратовтың орындауындағы менің «Мүмкін емес» деген әнім шыққаннан кейін елдің ішінде, көптеген журналдардан, әншілер қауымынан ықылас туып, мені іздеген сәттер болды. Міне, осы әнім жарыққа шыққаннан соң көптеген әншілерден сұраныс түсіп, менің шабытымды ашты десем де болады.
Айтпақшы, осы әннен кейін Ұлықпан ағамыз өзінің ойын айтқан болатын. Шығармашылық жұмысыма бағыт беріп, ақылын қосып жүрді. Мен де шығарған әндерімді ол кісіге көрсетіп, ақылдасатын болдым. Негізінде өзім де әншімін ғой. Өзімнің де орындаған әндерім бар. Бірақ, Қызылорда қаласында тұратындықтан, Республика көлеміне өзімді әлі де таныта алмай жатырмын.  Менің ойымша, Республика көлеміне танылу үшін үлкен концерттерден жиі көріну керек. Жақсы әндерді дүниеге әкеліп, альбом шығару қажет. Альбом деген жақсы нәрсе ғой, өзіңді, өнеріңді елге танытады. Алла қаласа өнеріме байланысты осы жақын күндері жақсы жаңалықтың куәсі боласыздар деп ойлаймын.

ЖОЛЫ АУЫР ӘНІМ АЛМАСҚА ЛАЙЫҚ БОЛЫП ШЫҚТЫ

— Өзіңіздің орындауыңыздағы әндеріңізді айтсаңыз.

— Өзімнің орындауымдағы әндерімнің бірі «Сағынамын» деп аталады — ауылға, балалық шаққа арналған. Жалпы, көңілді тақырып деп айтсам да болады. Бірақ, әннің астарында кішкене болса да бір мұң жатыр. Негізінде менің әндерім лирикалық бағытқа жақын.
Одан соң «Елес» деген ән бар. Ол ән жергілікті тыңдармандарға ғана таныс. «Жүрегімде жүрсің сен», «Шынарсың», «Сағынамын сені анашым» деген он бес әннің басын қосып, және де әншілердің орындауындағы әндерімді де жинақтап, екі альбомымды шығарсам ба деп талаптанып отырмын. Оның ішінде кейбір әндерімді халық танымайды. Өйткені, тек облыс көлемінде ғана орындалған болатын. Мәселен, Алмас Кішкенбаевтың орындауындағы «Сені іздеймін» деген әні әлі Республика көлемінде таныла қойған жоқ. Оның үстіне осы әніме Алмастың болмысы сәйкес келгені мені таң қалдырды. Тек Алмастың өзіне арналып жазылған ән сияқты.
Шымкенттік талантты әнші Хадиша Сейітованың орындауындағы «Көгершінін күткен хат» әні де өзіне арналғандай болды. Жалпы, көрермендердің маған айтқан пікірі: «Әндеріңнің бәрін әншілерге құйып қойғандай етіп арнапсың» дегені.
— Индира, сөзіңіз аузыңызда. Көбіне әніңізді өзіңіз ұсынасыз ба? Әлде, әншілердің өздері ұсыныс білдіреді ме?
— Өзім ұсынған кездерім де болды. Ал кейбір әнімді әншілердің өздері таңдап алды. Мәселен, Алмастың орындауындағы «Сені іздеймін» әні осыдан 4-5 жыл бұрын жазылған болатын. Әнді Ұлықпан ағамыз «Каспий тобында орындайықшы» деп аттай қалап алған еді. Бірақ, ол кісі «біздің болмысымызға, даусымызға келмей жатыр. Басқа әншіге бересің бе?» деген ой тастады. Содан соң мен 3-4 әншіге көрсеттім... Кейін ойладым: «Бұл әдемі ән ғой. Неге әншілерге ұнамайды?» деп...
Сөйтіп жүргенде бірде Алмас Кішкенбаев хабарласты. «Индира, «Мүмкін емес» деген әнді тыңдап, сол әнмен ауырып қалдым. Маған да сондай ән жазып бересің бе?» деп айтты. Мен: «Сенің болмысыңа сәйкес келмейді-ау, мен осындай бағытта жазамын» деп айтқанымда: «Керісінше, маған халыққа жақын болатын ән керек болып тұр» деді. Оның үстіне Алмас жерлесім, әрі өнердегі інім болып келеді. Бұрыннан қарым-қатынасымыз жақсы. Содан мен Алмасқа «ән жазып беремін» деп уәде бердім. Арада біраз уақыт өткен соң хабарластым. Содан өзім жазған төрт әнді Алмасқа айтып беріп едім, ол «бірінші айтқан ән маған ұнады, сол әнді беріңіз» деп айтты. Кейіннен Алмас әнімді алып, орындап шыққанда таң қалдым. Өте жақсы орындады. Сол кезде Ақбота Керімбекованың айтқан сөзі есіме түсті (Ақботаға да көрсеткенмін бұл әнді). «Бұл ән менің болмысыма келмейді. Осыдан көресің, бұл әннің бағын ашатын әнші жолығады деп айтқан едім ғой. Көрдің бе, әніңнің бағын ашатын әншісі жолықты» деп айтқан болатын ол.
Міне, сол сияқты жазған өлеңіңе шын әншісі жолықса, онда тыңдарманға рухани ләззат сыйлайды.

ЖАСТАРДЫ ЖЕҢІЛ СӨЗДЕРМЕН ЖЕЛІКТІРМЕГЕН ДҰРЫС
— Өзге ақын-сазгерлер «шабытым келсе жақсы дүниелер туып жатады» деп айтады. Ал сіздің шабытыңыз қалай келеді?

— "Жүректен шыққан нәрсе жүрекке жетеді” деп айтып жатады ғой. Мен өздерімнің барлығын шабытпен жаздым деп айта аламын. Шабыт болған кезде көңілсіз күй кешемін. Қалай айтсам екен, жанымды еш нәрсе жұбатпай кететін сияқты сәттер болады... Негізінде өлеңді жазатын кезде біреудің басындағы күйді де сезініп жазуға болады. Бірақ, сонда да болса өзіңнің басыңнан кешкен күйді жазған нәрсе шынайы болмақ.
— Сізді ақын-сазгер ретінде не толғандырады? Өмірде, не болмаса өнерде болсын...
— Өмірде толғандыратын нәрсе көп қой. Дәл қазір шыны керек, өтірік алдау, бетіне күліп, сыртынан ғайбаттау деген сияқты, жалпы, табиғи адалдық емес, дүниеге ашкөздік көбейіп бара жатыр. Міне, осындай нәрселерге қарным ашады. Өнердегі толғандыратын жағдайды айтатын болсам, жас әншілер көп, әнін тыңдап отырасың, не әнінде, не сөзінде мағынасы жоқ әндерді айтып жатады. Шындығында әдеби тілмен емес жеңіл сөзбен жазылғандықтан, әдебиетті де бағаламайтын сияқты.  «Мен бара жатырмын, сен қайдан келдің? Неғып жүрсің?» деген сияқты жеңіл сөздерді әндерді айтатын әншілер көбейіп барады. Оны дискіге жазып таратады. Онымен біздің жастарымыздың санасы уланып жатыр.
Біреу туралы айтқан пікірім дұрыс емес болар. Бірақ, жас әнші Асан Пердешовтың әндерінің мәтінін тыңдап, қарным ашады. Негізінде Асанның әндері жақсы. Бірақ, әннің сөзінде еш мағына жоқ. Тек әңгіме айтып отырған сияқты. Бұл менің сынағаным емес, жеке көзқарасым. Дұрыс дүние жазылса екен деген ойым. Сол сияқты мына өсіп келе жатқан жастар да шынайы нәрсені тыңдаса екен дейміз.

ЖАСТАР АҚЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМЕН АГЕНТТЕ ҒАНА ТАНЫСАДЫ
— Өзіңіз де айтып өттіңіз ғой, қазіргі жастардың көпшілігі әдеби кітап оқымайды. Жастардың кітап оқымауына не себеп? Мүмкін ақын-жазушылар жастарды қызықтыратын дүниелерді жазбайтын шығар?

— Мен былай ойлаймын: қазір компьютердің заманы. Жастардың көпшілігі отырады да, агентке кіреді. Мен де «осы жұрт не пікір айтып жатыр» деген қызығушылықпен қолым босаған уақытта агентке кіріп көремін. Міне, жастардың көбісі интернетке кіріп, уақытының бәрін агентке арнап жатыр. Өзімнің де студент інілерім бар. Солардың уақыттарын агентке кіріп өткізгендеріне қарсымын. Оларға айтамын: «Агентке кіріп, уақытыңды кетіргенше, кітапханаға барып кітап оқы. Не болмаса мешітке барып, намаз оқып үйрен, я болмаса сабағыңды оқы» деп. Лажы болса кіргізбеуге тырысамын. Өйткені, түн ұйқысын бөліп, агентке кіреді. Қарап тұрсаң, біреумен танысып, сөйлесетін шығар, бірақ, жалпылай алғанда келіп-кетер пайдасы жоқ сияқты.
Міне, осының бәрі де жастардың әдеби кітап оқуға не болмаса пайдалы іспен шұғылдануына зиянын тигізіп жатыр. Оның үстіне, қазіргі жастар біздің кезіміздегідей шығармашылыққа қызықпайды. Жақсы дүниелер жазып жатқан жас ақын-жазушылар көп қой. Солардың ішіндегі "Мой мирі” бар ақындардыкін ғана интернетке кіріп оқиды. Мәселен, Қалқаман Сарин, Бақытгүл Бабаш, Бауыржан деген ақындарымыз бар, жастардың тең жартысы солардың дүниелерін ғана оқиды. Ал өз беттерінше ізденіп оқитындары аз.
— Сұрақты қайтадан шығармашылығыңызға бұрсақ. Терме жазғансыз ба?
— Жақында толғау терме бағытында «Тәубе» деп аталатын терме жазған болатынмын. Бірақ, бұл терме әлі жарыққа шыққан жоқ. Десе де, әні толығымен дайын десем де болды. Алайда, әнді кім орындайды, әлде өзім орындаймын ба, осы жағы шешілмей тұр. Жаңа айтып өттім ғой, қазіргі уақытта дүниеге деген ашкөздік өмірдің ұстанымына айналып кеткен деп. Терменің мағынасы:
«Қызылды-жасылды өмір жалындаған,
Тұмар болып мәңгі ешкімге тағылмаған.
Өмірдегі алдамшы сәт ғайып болар,
Бұл жалған ешбір жанға бағынбаған...» деп жазылған. Бұл терменің болмысы Рамазан ағамыздың айтып жүрген салмақты, айтар ойы бар әндерінің бағытына келеді.
— Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз.
— Әкем де, анам да мұғалім болған кісілер. Өзім үйдегі оныншы перзентпін. Тұрмыс құрмадым... Ана болу бақытынан кешігіп жүрсем де, Алладан үмітім бар.

АНА БОЛУ БАҚЫТЫНАН КЕШІКСЕМ ДЕ, ҮМІТІМДІ ҮЗБЕЙ ЖҮРМІН
— Ақындығыңызды шыңдауда қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?

— Шымкентте біздің Қызылордаға қарағанда ән өңдеу жағы жоғары деңгейде қалыптасқандық, өскендік бар. Сондықтан да 1-2 әніме өңдеу жұмыстарын және 2 альбомымды шығару жұмысымен осында келіп отырмын. Бірақ, негізгі жоспарым Шымкент емес, Алматы қаласына бару. Мені әзірге облыс көлемінде ғана таниды. Сондықтан Алматы қаласына барып өнерімді шыңдап, одан әрі қарай танылуға бар күшімді салсам деген арманым бар. Оның бәрін де бір Алла біледі. Әр адамның өнері мен ізденісіне қарай болады ғой. Мүмкін алдағы уақыттарда осы сәттерді еске алып отыратын да кез келер... Талантты ақын-сазгерлермен жұмыс жасап, ақындығымды шыңдағым келеді.
Жалпы, бұрынғы жазылған әндеріме қарағанда қазіргі жазып жүрген дүниелерімде өсу бар сияқты. Өзім де жақсы өлең оқып не болмаса тыңдасам, сол кісіні тауып алып, танысып, араласқанды ұнатамын.
— Индира, өзіңіз ақын болғандықтан айтысқа деген көзқарасыңыз қалай? Оның үстіне, айтысты біраз уақытқа дейін телеарналардан көрсетпей, соңғы кездері ғана қайтадан қауышып, халық бір қуанып қалды...
— Айтыскер ақын емеспін, бірақ, осы жақын арада көрсеткен айтысты көрдім. Айтыстың жабылып қалып, халықтың сусағанынан хабарым бар. Айтыс, шешендік, жырау өнерлері қазақтың қанында бар нәрсе ғой. Айтыс бізге керек нәрсе. Өйткені, айтыста көп адамның айта алмай жүрген мәселелері көтеріледі. Мәселен, халықтың арасында болып жатқан ахуалдарды жоғары жақта отырған басшылар білмеуі де мүмкін. Сол бағытта айтыскер ақындарымыз ащы тілмен болса да айтыста осы мәселелер көтеріліп, осыдан соң барып шешімін тауып жатқан жағдайлар да кездесіп жатады. Айтыс дегеніміз жастарды рухани байлыққа жетелейтін жол. Оның үстіне, айтыста көптеген әдеби сөздер қолданылады. Және де өзекті мәселелерді қозғап отыратын күш деп айтамын. Айтыстың біраз уақыттан бері көрсетілмей, қайтадан жарыққа шыққаны халықтың еңсесін бір көтеріп тастады. Алдағы уақытта айтыстың болашағы жақсы болсын деп тілек білдіргім келеді.
— Біз сұрамаған, сіз айтсам деп жүрген ойыңыз бар ма?
— Бізде басылымдар көп қой. Қазақ тілді басылымдардың көп болғаны, әрине жақсы. Бірақ, соңғы кездері әнші болсын, танымал тұлғалар болсын, тек олардың қай жерде туылып өскендігін, қандай ән орындағанын ғана сұрап жатады. Осы кезде маған ой келеді, неге олардың ішкі жан-дүниесін, қоғамға қатысты ойларын сұрамайды деп. Жаңа сіз "айтыс туралы ойыңыз қандай?” сұрап жатырсыз ғой. Мәселен, халықтың көңілінде, көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, олардың да пікірін білу керек сияқты. Қазіргі басылымдарға осындай ой айтқан болар едім.
— Индира, уақыт бөліп, бізбен әңгімелескеніңізге алғыс айтамыз. Халықты жақсы әндеріңізбен қуантып жүре беріңіз. Арман-тілегіңіз орындала берсін!
Сұхбаттасқан Сандуғаш МЕЙІРБЕК.





Категория: Әртүрлі | Просмотров: 2188 | Добавил: АЛАШ | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
Имя *:
Email:
Код *:
Жазбалар мұрағаты
Біздің сауалнама
Президенттікке кімді лайық көресіз?
Жауаптар: 628
біздің достар
  • Создать сайт
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Все проекты компании
  • Статистика

    Онлайн всего: 2
    Қонақтар: 2
    Қолданушы: 0
    Copyright MyCorp © 2014
    Создать сайт бесплатно